Популярные тэги

Ақорданың көзі, құлағы һәм тілі: 35 жылда президенттің баспасөз қызметін кімдер басқарды

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы лауазымы пайда болғалы бұл қызметті 17 адам атқарған. Олар қандай істерімен есте қалды?


30/01/2026
16:32 62 0

Ақордадағы кешегі ауыс-түйіс көпті елеңдеткені анық. Бұл – билік буындарында екі күннің бірінде болып жататын көп өзгерістің бірі емес. Өйткені президенттің баспасөз хатшысы – мемлекет басшысының жүріс-тұрысынан хабар беруші ғана емес, Ақордада қабылданатын шешімдерге тікелей ықпал етуші.  Президенттің халықтың жайын ұғуына, халықтың президент пәрменін түсінуіне жауапты адам.

 

Тәуелсіздік алғалы Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы қызметін 17 адам атқарды. Олардың арасында сотты болғандары да, қызметінен кетіп, қайта оралғандары да, небары алты күн жұмыс істегендері де бар. Masa media тілшісі 35 жылда Ақорданың баспасөз қызметіне кімдер жетекшілік еткенін түгендеп көрді.

 

Ғаділбек Шалахметов

 

Президенттің баспасөз хатшысы лауазымы Қазақстанда 1990 жылы пайда болып, Ғаділбек Шалахметов осы қызметті алғаш атқарған адам ретінде тарихқа енді. Ол Нұрсұлтан Назарбаев ҚазКСР басшысы болып тұрған кезде және еліміз тәуелсіздікке алғаш қадам басқан уақытта (1990-1991ж) саяси қызметкерлер мен БАҚ арасындағы жұмысты жүйелендіруге күш салған адам.

 

Шалахметов Мемлекетаралық «Мир» телерадиокомпаниясының негізін қалаушы ретінде танылған. Кейін «ҚазАқпарат» агенттігінің президенті болды.

 

 

300-ден астам ғылыми және публицистикалық мақалалардың авторы, сценарист.

 

2009 жылдан бастап Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған.

 

2024 жылы өмірден өтті.

 

Сейітқазы Матаев

 

1991-1993 жылдары Президенттің баспасөз қызметіне Сейітқазы Матаев жетекшілік етті. Ол БАҚ пен билік арасындағы байланысқа жүйелі коммуникация нормаларын енгізді, шетелдік журналистер мен ел басшылығы арасындағы диалогты жеңілдетті. Сондай-ақ, журналистиканың обьективтілігі мен ашықтығын қолдауға бағытталған стратегиялық істерімен есте қалды.

 

Сейітқазы Матаев – ҚазТАГ агенттігінің негізін қалаушы. Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы қызметін атқарғанда журналистер құқығын, сөз бостандығын қорғау мәселелерін жиі көтерген адам.

 

 

2016 жылы оған мемлекеттік саясатты ақпараттық насихаттауға бөлінген мемлекет қаражатын жымқырды деген айып тағылды. Матаев салық төлеуден жалтарды және 600 миллион теңгеден астам сомаға алаяқтық жасады деп айыпталып, 6 жылға сотталды. Ұлы Әсет Матаев та 6 жылға кесілді. Алайда 2022 жылы Жоғарғы сот Матаевтарды толықтай ақтады.

 

Нұрлан Дәненов

 

1993-1994 жылдары президенттің баспасөз хатшысы болған Дәненов қоғаммен байланыс саласында елеулі істерімен есте қала қойған жоқ. Халық оны кәсіби дипломат ретінде таныды.

 

 

Хатшылық қызметке дейін Нұрлан Дәненов Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Таяу және Орта Шығыс елдері бойынша бөлім бастығы қызметін атқарған. Еуропаның бірнеше елінде Қазақстанның елшісі болды. Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, кейін орынбасары болған.

 

Дулат Қуанышев

 

Қуанышев та – дипломат, жеті тілді жетік меңгерген полиглот. Сондықтан 1994-1996 жылдары президенттің баспасөз хатшысы қызметін атқарғанда көбіне халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, имидждік саясатты нығайтуға күш салған.

 

2001-2003 жылдары Сыртқы істер министрі, одан кейін Қазақстанның Франциядағы, Австриядағы, Үндістандағы елшісі қызметтерін атқарған.

 

 

Соңғы атқарған мемлекеттік қызметі – Қазақстанның Израиль мен Кипрдегі елшісі (2014-2019 ж).

 

Қырымбек Көшербаев

 

1996-1997 жылдары президенттің баспасөз қызметін Қырымбек Көшербаев басқарды.

 

Ол мемлекеттік биліктің түрлі буынында қызмет еткен адам. Вице-премьер, министр, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында әкім болды. Президент аппаратын басқарып, көп елде елшілік қызмет те атқарды. 2019 жылдан 2022 жылға дейін мемлекеттік хатшы болды.

 

 

2022 жылдан бері «Ембімұнайгаз» АҚ тәуелсіз директоры, директорлар кеңесінің мүшесі екені белгілі.

 

Қайрат Сарыбай

 

1997-1998 жылдары Назарбаевтың баспасөз хатшысы болды. Мамандығы – шығыстанушы. Өзге әріптестері секілді бірнеше елде елші болды.

 

Сыртқы істер министрінің орынбасары, Президент көмекшісі қызметтерін атқарған.

 

 

2022 жылдың қазанында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің (СICA) бас хатшысы қызметіне тағайындалған.

 

Асылбек Бисенбаев

 

1998 жылдан 2001 жылға дейін Назарбаевтың баспасөз хатшысы қызметін Асылбек Бисенбаев атқарды.

 

Бисенбаевтың негізгі мамандығы – тарихшы. Тарих ғылымдарының кандидаты. Ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орындарында ұстаздық еткен. Президенттің баспасөз қызметіне келгенге дейін  Қазақстан Либералдық қозғалысының төрағасы болды.

 

 

Кейінірек ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, «Комсомольская правда Казахстана» газетінің бас редакторы болды.

 

Жанай Омаров

 

2001-2004 жылдары мемлекет басшысының баспасөз қызметін Жанай Омаров басқарды.

 

Бұл қызметке дейін еліміздің жоғарғы оқу орындарында (ҚазПТИ, ҚазМУ) оқытушылық және ғылыми қызметтермен айналысқан. Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Бұқаралық ақпарат құралдары департаментінің директоры болған.

 

 

Президенттің баспасөз хатшысы қызметінен кеткен соң «ҚазАқпарат» агенттігінің президенті болды. Мәдениет және ақпарат вице-министрі деңгейіне көтеріліп, мансап жолын «Нұр-Медиа» ЖШС бас директоры қызметімен аяқтады.

 

Мұхтар Құл-Мұхаммед

 

Қызмет еткен уақыты: 2004-2006 жылдары.

 

«Атамұра» баспасының негізін қалаушы ретінде белгілі. Заң ғылымдарының докторы.

 

 Бірнеше рет Сенат депутаты болды. 2007-2008 жылдары Қызылорда облысын басқарды. Ақпарат және мәдениет министрі, мәдениет министрі қызметін 4 мәрте атқаруымен есте қалған.

 

 

Бұдан бөлек, президенттің кеңесшісі, мемлекеттік хатшы, «Нұр-Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары секілді жауапты қызметтерді атқарған. 2018-2023 жылдары Сенат депутаты болғаннан кейін мемлекеттік билік буындарындағы қызметін тәмамдады.

 

Ерлан Байжанов

 

2007-2008 жылдары Назарбаевтың баспасөз хатшысы болған Байжановтың негізгі мамандығы – филолог. 

 

Баспасөзде, ресми баспасөзді біріктірген холдинге басшылық қызмет атқарды. ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт бірінші вице-министрі болды.

 

 

Кейінірек «Арна медиа» ұлттық ақпараттық холдингінің басқарма төрағасы, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарушы директоры, «Нұр Медиа» холдингінің бас директоры болды. Бірнеше елде елші болды.

 

Бейбіт Исабаев

 

Жетісу облысын басқарып отырған Бейбіт Исабаев 2008-2009 жылдары президенттің баспасөз қызметін басқарған.

 

Мамандығы – журналист, халықаралық қатынастар маманы. Төтенше және Өкілетті елші дипломатиялық дәрежесі бар, саяси ғылымдар кандидаты.

 

 

«Өркен» – «Горизонт» газеттерінің бас редакторы, Қазақ мемлекеттік телевизиясының бас директоры болды. СІМ-де ұзақ жыл қызмет етті. Назарбаевтың баспасөз хатшысы боп тағайындалар алдында Мәдениет және ақпарат вице-министрі болды. Президент әкімшілігінен кеткеннен кейін Сенат депутаты боп тағайындалды. 2022 жылдың 11 маусымынан бері –Жетісу облысының әкімі.

 

Бағлан Майлыбаев

 

Қызмет еткен уақыты: 2009-2011жылдары.

 

Негізгі мамандығы – журналист. Мемлекеттік биліктегі қызметі Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде БАҚ департаментінің директорлығынан басталды. Кейіннен «Казахстанская правда» Республикалық газеті» ашық акционерлік қоғамын,  «Заң» акционерлік компаниясын басқарды.

 

 

2011 жылдан 2016 жылдар аралығында Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарды. ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі.

 

2017 жылы Майлыбаев «мемлекеттік құпияны заңсыз жинау, тарату және жария ету» ісі бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Барлық мемлекеттік марапатынан айрылып, дүние-мүлкі тәркіленген.

 

2020 жылы оның мерзімінен бұрын бостандыққа шыққаны хабарланды.

 

Дәурен Абаев

 

Қызмет еткен уақыты: 2011-2016

 

Президент әкімшілігіне келгенге дейін СІМ-де түрлі қызмет атқарды.

 

2011 жылдың қазанында Назарбаевтың хатшысы болып тағайындалып, 2013 жылғы шілдеден бастап президент кеңесшісі қызметін қоса атқарды.

 

 

Ақордадан кейін бірден Үкіметке барды. Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт министрі болды.

 

2023 жылғы 3 шілдеден бері – Қазақстанның Ресейдегі елшісі.

 

 Айдос Үкібай

 

2016-2019 жылдары президенттің баспасөз қызметін Айдос Үкібай басқарды.

 

 

Ақордаға келмес бұрын ол «Хабар» агенттігін басқарған. Ол президенттің баспасөз хатшысы болып жүргенде Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кетті. Көп ұзамай Айдос Үкібай Елбасының баспасөз хатшысы – кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

 

Берік Уәли

 

Тоқаевтың алғашқы баспасөз хатшысы – Берік Уәли. 2019 жылдың 22 наурызында, яғни Назарбаев биліктен кеткеннен кейін 2 күннен соң Ақордадағы қызметіне кірісті.

 

Кәсіби журналист. Еңбек жолын 1997 жылы «Таң» телекомпаниясында «Алматы жаңалықтары» ақпараттық бағдарламасының тілшісі болып бастаған. Түрлі телеарналарда бағдарламалар авторы әрі жүргізушісі болды.

 

 «Нұр-Отан» партиясы төрағасы бірінші орынбасарының, инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі қызметтерін де атқарды.

 

2022 жылы Ақорданың баспасөз қызметінен кеткеннен кейін «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы болды. Алайда көп ұзамай, 2023 жылдың 12 қыркүйегінде баспасөз хатшысы қызметіне қайта тағайындалды. Екінші рет тағайындалуында Президент кеңесшісі деген үстеме қызметі болды.

 

 

Сарапшылар Берік Уәли тұсында президенттің тәуелсіз тілшілерге сұхбат бермегенін сынға алған. Тоқаевтың Қаңтар оқиғасынан кейін «Хабарға» берген орысша сұхбатын да жұрт жылы қабылдай қоймады. Іле-шала «Қазақстан» арнасына берген қазақша сұхбатында президент сұрақтарға суфлердан жауап беріп отыр деген сын естіді.

 

Берік Уәли баспасөз хатшысы болған уақытта желіде белсенді болды. Президенттің әр қадамын Facebook-та бөлісіп отыруымен есте қалды.

 

Ол 2025 жылдың ақпанынан бері Абай облысын басқарып отыр.

 

Руслан Желдібай

 

Президенттің баспасөз хатшысы қызметін екі мәрте атқарған тағы бір адам – Руслан Желдібай.

 

«Болашақ» бағдарламасының түлегі. Мемлекеттік телеарналарда, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде, премьер-министр кеңсесінде жауапты қызметтер атқарды.

 

2022 жылдан бастап Президент әкімшілігінде жұмыс істеді. 2022–2023 жылдары Президент баспасөз хатшысы болды. 2023 жылғы 5 қаңтарда лауазымынан босатылмай-ақ Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалып, екі қызметті сол жылғы қыркүйекке дейін қоса атқарды.

 

 

2023 жылғы 1 қыркүйекте Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.

 

2025 жылғы 17 ақпаннан 9 қыркүйекке дейін Президент кеңесшісі және оның баспасөз хатшысы болды. Сол жылдың 9 қыркүйегінде  Руслан Желдібай Президент көмекшісі және оның баспасөз хатшысы болып тағайындалып, күні кешеге дейін Тоқаевқа адал қызмет етті.

 

Журналистер Желдібайдың тұсында Ақорда БАҚ өкілдеріне барынша ашық болғанын, Тоқаевтың мемлекет басшысы ретіндегі беделі бекемделе түскенін айтады. Әсіресе, Ақорданың елдегі резонансты оқиғаларды елеусіз қалдырмауы, Тоқаевтың маңызды мәселелерге дер кезінде үн қатуы –Желдібайдың еңбегі дейді мамандар.

 

Нұрмұхамед Байғараев

 

Ақорданың баспасөз қызметін 2023 жылдың 6 қыркүйегінен 12 қыркүйегіне дейін – небары 6 күн басқарған  Байғараевты да бұл тізімге қоспай кетуге болмас.

 

Ресми ақпарат бойынша оның қызметінен жедел кетуіне денсаулық жағдайы себеп болған.

 

 

Нұрмұхамед Байғараев та – «Болашақ» түлегі. Бірқатар отандық БАҚ-та жұмыс істеген, «Айқын» газетінің бас редакторы, «Егемен Қазақстан» басылымында бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды.

 

Айбек Смадияров

 

Тоқаевтың жаңа баспасөз хатшысы Айбек Смадияров қызметіне кеше ғана кірісті.

 

Смадияров 2006 жылдан бері Сыртқы істер министрлігінде табан аудармай жұмыс істеген: хатшы, атташе, Коммуникациялар департаментінің директоры, Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы – ресми өкілі болды.

 

 

Смадияровтың Ақордаға келуі жұрт күтпеген тағайындау болғаны рас. Алайда сарапшылар СІМ-нің нағыз бет-бейнесі болған, БАҚ пен мемлекеттік орган арасында жүйелі байланыс орната білген маман президенттің баспасөз қызметін де жарға жыға қоймайтынына сенеді.

 

Поделиться

Нет комментариев.

30/01/2026 16:32
62 0

Уведомление